Кітап заманымыздың өмірі, ол кәріге де, жасқа да қажет. Біз кітаппен күн сайын кездесеміз. Кітап біздің дүниетанымымызды кеңейтетін, рухани жан-дүниемізді оятатын ақылшымыз. Әдеби кітаптар және оқулықтар біздерге білім көзі, рухани қазына. Кітап-жанның емшісі, кітап – теріс қадамдардан тыйылуға жетелейді, білімімізді молайтады, кітаптан көп үлгі-өнеге, тәрбиелік әсер аламыз. Оқыған-тоқығаның көп болса, жеңбейтін жау, алынбайтын қамал жоқ. «Батыр бірді жығар, білімді мыңды жығар»-деген халық даналығы бекер айтылмаған.
Қазан айынан бастап студенттер арасында «Оқуға құштар колледж!» тақырыбындағы челленджі басталып, қазіргі уақытта жалғасын тауып отыр. №1 мектеп бөлімінің М-11 тобының студенттері де аталған іс-шараны қолға алып, топта оқытушымен бірге сиқырлы сандықшадан жеребе арқылы өздеріне тиесілі кітапты 1 ай ішінде оқып шықты. Атап айтқанда, «Бақытсыз жамал», «Қобыланды батыр» жыры, «Шұғаның белгісі», «Махаббат қызық мол жылдар», «Ұлпан», «Ақбілек» романы. Олар оқыған кітаптарының авторы, идеясы, мазмұны, стилі сияқты ақпараттарға тоқталып өтті.
Кітап туралы «Кітаптар мұңы» аңызын Ерадилова А., Серік А., Хамитова Ф. сахналай отырып, кітапты ұқыпты, таза ұстау керегі туралы студенттерге жеткізе білді. Іс—шара барысында Калибекова А., Гайсагалиева А., Нуридинова Ж. күй тартып, ән айтты. «Ақбілек» романынан үзіндіні сахналады. Ик-11 тобы да өз кәде-сыйы ретінде Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» шығармасынан қойылым көрсетті.
№1 мектеп бөлімінің меңгерушісі Ибраева Ляйлим Бериковна М.Шахановтың өлеңін нақышына келтіре оқып, студенттерге сыйға тартты. Бұл жақсы дәстүр, құнды акция өз жалғасын табатынына сенімдіміз. Іс-шараны ұйымдастырушы «Филология» кафедрасының оқытушысы Сейлова Ляззат Алдабергеновнаға келген қонақтар алғысын білдіріп, еңбегіне табыс тіледі.
Сейлова Ляззат Алдабергеновна,
Филология кафедрасының оқытушысы