Саналы түрде таңдалған мамандық жеке тұлғаның болашақ өміріне әсер етеді. Болашақтағы кәсіби мақсатына дұрыс бағыт алған оқушы бойындағы қабілетін шығармашылықпен дамыта білсе сапалы маман ретінде қалыптасатыны белгілі.
Сол себепті қазіргі таңда түлектерге кәсіби бағдар ұсынып, кеңес айту үлкен маңызға ие. Кәсіби бағдар беру – шешімі табылуға тиісті өте күрделі кешенді мәселе. Өзінің әдістемесі және мазмұны жағынан оның психологиялық, педагогикалық, физиологиялық және әрекеттік аумағы жағынан әлеуметтік сипаты болады. Нәтижесі қоғамның экономикалық өміріне әсер етеді. Білім саласындағы кәсіби бағыттың ауқымы кең және алуан түрлі. Бұл істің жүргізілуі кадрлар даярлауды жоспарлаумен, білім беру жүйесін одан әрі жетілдірумен тығыз байланысты екендігі сөзсіз. Қазіргі заман талабына сай мамандықтарды игерген жастарға сұраныс өте жоғары. Нарықтағы бәсекелестік күн өткен сайын артып келеді. Бүгінгі заман талабы кәсіптік білім беру саласында адамның табиғи ерекшеліктеріне сәйкес мыңдаған мамандықтар мен кәсіптерге дайындау – кезек күттірмейтін талаптардың бірі.
Кәсіптік бағдар беру жұмысы бүгінгі таңда ең көп талқыланатын тақырып және жиі көтерілетін өзекті сұрақтардың қатарында. Қостанай педагогикалық колледжінің филология кафедрасының оқытушылары мамандық таңдауға бағыт - бағдар беру мақсатында Қостанай қаласындағы «Озат», «Дарын», №24 орта мектеп, ФМЛ барып, біздің колледжде қандай мамандықтар бар екені туралы, ұстаздық мамандықтың маңыздылығы, қызығы мен қиындықтары туралы айтты. Колледж бітіруші түлектер Т-41 тобының студенттер Нұрхан Н. мен Әбдіғали Р. және У-11б, М-21 тобының студенттері колледжегі жеткен жетістіктері мен мүмкіндіктерімен ой бөлісті. Біздің арнаулы оқу орны техникалық және кәсіптік білім беруге бағытталған және заман талабына сай түрлі мамандар даярлайтын ұйымшыл ұстаздар ұжымы. Жыл сайын 6 мамандық бойынша бәсекеге қабілетті сан алуан кәсіп иелері диплом алып шығуда. Түлектеріміз еліміздің түрлі салаларында қызмет атқарып жүр. Біздің колледжге оқуға келісеңіздер, дұрыс таңдау жасайсыздар!
Филология кафедрасының оқытушысы
Жармухамбетова Алтынгуль Алдабергеновна