Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Елбасы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады» деп атап көрсетті.
Қостанай педагогикалық колледжінің 1 курс студенттері «Мемлекеттік жастар саясатын ілгерілету және бастамашыл және талантты жастарды қолдау жөніндегі іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы аясында ұйымдастырылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат мәселелерін жариялау» атты іс-шараға қатысты. Бұл жерде студенттерге жемқорлыққа қарсы жүргізілетін іс-шаралар туралы Қостанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің департаменті басқармасының бас маманы Бедич Евгений Сергеевич, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қостанай облысы бойынша филиалының басшысы Байлин Әсет Мерейұлы, сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл, құрылыс, индустриялық-инновациялық даму, көлік және Қостанай облысы Қоғамдық Кеңесінің жол дамуы қызметкері Нұрбек Елікбайұлы Әбдібеков ақпарат берді. Диалог алаңын Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық даму басқармасы» ММ Қостанай облысы бойынша «Жас Отан» қоры мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша ұйымдастырды. Бұл іс-шарада студенттер адалдықпен өмір сүрудің маңыздылығын, еліміздің дамуы үшін жемқорлықтың алдын алу керектігі туралы ақпарат алып, олармен пікір-таласқа түсіп, өздерін қызықтыратын сұрақтарға жауап алды.
Жармухамбетова Алтынгуль Алдабергеновна
Филология кафедрасының оқытушысы