Бұл – тек біздің облыста ғана емес, бүкіл Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, теңдесі жоқ бірегей жоба! Байқаудың басты мақсаты Қостанай облысы тұрғындарының назарын оқу мәдениетін дамытуға аудару болды. Қанатқақты жоба өз мақсатын орындағаны сөзсіз. Аталмыш сайыс облыс тұрғындары арасында оқу белсенділігінің артуына ықпал етті, көптеген адамдарға кітап пен оқудың қоғамдағы рөлін саналы түрде сезініп, ұғынуға көмектесті.
Қостанай жоғары педагогикалық колледжі математика және ақпараттық технологиялар кафедрасының оқытушысы Данара Жылгелдіқызы Төлепова байқауға қатысушылардың 19 жастан асқан жас санатына қатысты. Байқау 4 кезеңде өтті. 3 кезеңде оқуға үш шығарма ұсынылды, әр оқылым тестілеумен аяқталды, онда Данара Жылгелдіқызы көшбасшылық танытып, топ жарды.
3 кезеңнің қорытындысы бойынша қорытынды 4- кезеңге жіберілді. Байқаудың төртінші кезеңі офлайн форматта 18 мамырда Л. Н.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өтті.
94 финалистің ішінен құзыретті қазылар алқасы эссе жазу нәтижелері бойынша 42 жеңімпазды таңдады. Бұл қатарға Данара Жылгелдіқызы кіріп, 1-дәрежелі дипломмен және ақшалай, 150 мың теңгеге бағаланатын сертификатпен марапатталды.
10-14 жас аралығындағы байқаудың жеңімпазы Қостанай жоғары педагогикалық колледжінің музыка және сәндік – қолданбалы шеберлік кафедрасының оқытушысы Алена Юрьевна Абишеваның қызы Алиса Абишева болды. Физика - математика лицейінің оқушысы Алиса байқаудың 3 кезеңін сәтті аяқтап, эссе жазды, оның үлгісі салтанатты марапаттау рәсіміне қойылды. Алиса 1 дәрежелі дипломмен және 150 мың теңге сомасына сертификатпен марапатталды, анасы Алена Юрьевнаға алғыс хат табыс етілді.
Байқау оқуға, кітапқа, көркем әдебиет әлеміне құштар көптеген адамдарды біріктірді. Сондықтан салтанатты рәсім жеңімпаздар үшін ұмытылмас мереке ғана емес, сонымен қатар біздің облыстың барлық тұрғындары үшін кітапты алып, көркем сөздің даналығын сезіндіретін ынталандыру болды!
Ақпарат көзі: http://kitap10.kz/ru#rec755393266