Осылайша, №2 мектеп бөлімінің скауттар жасағы(отряды) өз жұмысын жалғастыра бермек. Енді біз «Дружба» ауылына жүріп кеттік. Бұл сапарымыздың ерекшелігі: біздің скауттар ауылға дейінгі жарты жолды өз бетінше шаңғымен жүріп өтті! Ал бұған көмектескен Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, туризм және орыс лаптасы жөніндегі қазіргі жаттықтырушысы, ең бастысы тамаша азамат Асқаров Мұхамедқали Сейілұлы мен оның жасөспірім шәкірттері, Қостанай ауданы Садовая орта мектебінің оқушылары болатын.
Сапарға шығудан бір апта бұрын біз ауа райын бағдарлай отырып, қолайлы санаған 24 желтоқсанды таңдадық. Шынында да,сол күнгі ауа райы керемет болды! Жылы киім мен костюмдерімізді, шаңғыларымызды алып, жолға шықтық. Өте қуантарлығы, осы саяхат жөнінде құлақтанған студенттер саны көп болды. Қатысушылардың жалпы саны скаутинг жетекшісі Шағатаева Зәуреш Жарасбайқызымен бірге 12 адамды құрады.
Біз, тілшілер мен сапарға қатысушылар, машинамен скауттар соңынан еріп, ара-арасында олардың жүрісін жіті бақылап отырдық. Белгіленген орынға уақтылы тез жеттік. Бізді Дружба орта мектебінің 9-11 сынып оқушылары қарсы алды.
Арамызда қызық диалог басталды: балалар мен олардың осы кездесуге қатысушы ата-аналары көп сұрақ қойып, әсіресе,олар студенттер бос уақытын қалай өткізетіні, колледжге түсу жайы туралы білгісі келді. Біз оларға қуана жауап беріп отырдық. Колледждегі мамандықтар, қоғамдық тыныс-тіршілік, спорттағы жетістіктеріміз жайында әңгімеледік. Әдеттегідей, қонаққа құр бос қол келмегенімізді де айта кетелік, біздің скауттар арасында талантты да қабілетті балалар жетерлік, жас көрермендерге шағын концерт қойып бердік. Біздің әсем әндеріміз бен жан тебірентерлік жырларымыз оларға жағымды көңіл-күй сыйлады. Сонан соң мектеп асханасында аздап ауқаттанып алып, волейболдан жолдастық турнир өткіздік. 10,11 сынып оқушыларымен өткен сайыс тартысты өтіп, достық жеңіске жетті!
Көпке дейін кеткіміз келмеді. Жол бойы әңгімеміз алған әсеріміз бен қуанышты сәттеріміз турасында өрбіп, қайталаумен, бөлісумен болдық. Шаңғымен жүріп өту, дистанцияны сақтау, қатардан қалмау хақындағы сұрақтарымызға балалар былайша жауап қатты:
- «Мен басында балаларды ұятқа қалдырамын ба деп қорыққаным рас, өйткені бірінші рет осылайша жолға шығуым, әйтсе де бәрі ойдағыдай болатынын түсініп, балалармен бірге алға ұмтылдым»;
- «Мен Мұхамедқали Сейілұлына үлкен алғыс білдіремін, ол шәкірттерімен бірге бізге көмектесіп жүрді. Олар болмағанда, бізге қиындау болар еді, біз дайын маршрутпен жүре отырып, алға қарай сеніммен жылжыдық»;
- «Дыбыстау! Міне, ұнағаны осы! Бұл өте көңілді: алда келе жатқан аға буынды ықыласпен тыңдап, айтылған сөзді өзіңнен кейін келе жатқан адамға жеткізуің керек. Мен қалай жетіп қалғанымызды байқамай да қалдым... Көңілді, әр шапшаң»
- «Мен тағы да балалармен бірге шыққанды қалаймын!»...
Міне, осылайша, тағы бір шағын болса да, біздер үшін ауқымды да салмақты көрінетін саяхатқа шығып, сергіп, жадырап қайттық. Келесі саяхат та алыс емес секілді...
Иржанова Алсу,
Ар- 23 тобының студенті